Балконның қоршауына мініп ойнаған балаларды тұрғындардың бірі таспалап алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бейнежазбадан екі кішкентай қыздың биік үйдің балконында асыр салып ойнағанын байқау қиын емес. Видеода олардың қасында бірде-бір ересек адам жоқ. Қауіпсіздік ережесі еш ескерілмеген.
– Мұндай қайғылы оқиғалар ересектердің салғырттығынан болады. Қазір балалар жазғы демалыста, қауіп күшейе түседі, – дейді ТЖД профилактика басқармасының басшысы міндетін атқарушы Мейірбек Исаев.
Сол себепті ТЖД мамандары тұрғындарға мынадай ескерту жасайды:
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар;
- Терезелерге қауіпсіздік шектеуіштер орнатыңыздар;
- Балалардың ашық терезе мен балконға жақындауына жол бермеңіздер.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты 8 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың толық жылдық дерегінен (5 жағдай) жоғары болып тұр.