Маңғыстау көлік прокуратурасының талап арызы бойынша құны 11 млн теңгеден асатын зергерлік бұйымдар мемлекет пайдасына өндірілді, деп хабарлайды бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, өткен жылдың қазан айында Маңғыстау облысы бойынша мемлекекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен қымбат әшекейлерді кедендік бақылаудан жасыру және декларациядан жалтару жолымен шекарадан өткізген Әзірбайжан азаматы Е. Абдуллаев ұсталған еді.
Шетелдіктің заңсыз іс-әрекеті салдарынан кедендік төлемдер мен салықтардың құнын төлемеу түрінде мемлекетке 2,8 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті өз кінәсін толық мойындап, қылмыстық іс ақталмайтын негізбен қысқартылды.
Декларацияланбаған бұйымдардың тағдырын шешу мақсатында прокуратура талап арызбен сотқа жүгініп, оның шешімімен 800 бірліктен асатын алтын және күміс қорытпасынан жасалған зергерлік бұйымдар мемлекет пайдасына өндірілді.