11 мың салық төлеушінің іскерлік белсенділігі неге құлдырады?

686

Республикалық бюджетке 791 млрд теңге салық түспей қалды. 

11 мың салық төлеушінің іскерлік белсенділігі неге құлдырады?

Бұл сұраққа үкімет отырысында қаржы министрі Ерлан Жамаубаев жауап берді. 

"9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге кіріс кірді немесе жоспар 95,5% атқарылды. Республикалық бюджетке 3 трлн 853 млрд теңге төлем түсті немесе жоспар 85,8% атқарылды. Кіріс бойынша жоспардың атқарылмауы 638 млрд теңгені құрады. Оның ішінде салық – 791 млрд теңге", – деді министр. 

Оның сөзінше, корпоративтік табыс салығының атқарылмауына негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 13,3% құлдырауы, әрекетсіз салық төлеушілер санының артуы, 850 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 243,5 млрд теңгеге төмендеуі және екінші деңгейлі банктерден түсетін түсімдердің 10,2 млрд теңгеге азаюы себеп болған. 

"Қосылған құн салығы бойынша жоспардың атқарылмау себептері келесідей: Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 60% немесе 200 млрд теңгеге өсуі мен "электронды шот-фактуралар" ақпараттық жүйе деректеріне сәйкес, сату бойынша айналымдардың 11% азаюы. Негізгі төмендеу тау-кен өнеркәсібі саласына тиесілі болды. Онда айналым 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33% немесе 4,3 трлн теңгеге қысқарды", – деді Ерлан Жамаубаев. 

Сөз арасында министр 11 мың салық төлеушінің іскерлік белсенділігінің құлдырауына карантин режимі әсер еткенін мәлімдеді. 

"Олардан түсім едәуір азайды", – деді Ерлан Жамаубаев. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу