11 жасар бала кәріз құдығына құлаған сәбиді құтқарып қалды

1742

Жас батыр төтенше жағдайлар департаментінің арнайы грамотамасымен және сыйлықпен марапатталды.

11 жасар бала кәріз құдығына құлаған сәбиді құтқарып қалды Фото: sputniknews.kz

Түркістан облысы Жетісай қаласының 11 жасар тұрғыны Бекназар Мейрамбек жеке тұрғын үйге арналған кәріз жүйесінің шұңқырынан 2 жасар Бақытбек Сабыржан есімді сәбиді өлім аузынан құтқарған. Бұл төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

"2019 жылдың 2 сәуір күні сағат 19:40 шамасында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласы А.Қалыбеков көшесінде ойнап жүрген балалар №57 тұрғын үйдің сыртында орналасқан жеке үйдің кәріз жүйесінің шұңқырына кішкентай бүлдіршіннің құлап түскенін байқап қалған. Артынша жүгіріп келген балаларға құдықтың ішіндегі 1 метрден аса лас судан кішкентай бүлдіршін көрінбеген. Осы мезетте 2008 жылы туған 5-сынып оқушысы Бекназар Мейрамбек еш ойланбастан, дереу құдықтың ішіне түседі. Лас су мойын тұсына келгеніне қарамастан, суға тұншығып жатқан 2 жасар  баланы көтеріп алып, шұңқырдан шығарған", – деді департамент басшысы.

Бүлдіршін ауруханаға жеткізілген, қазіргі оның денсаулығы бірқалыпты, ем қабылдауда. Осылайша 11 жасар Бекназар Мейрамбек өзінің батылдығын, қайсарлығын көрсетіп, баланың өмірін сақтап, ерлік танытты.

Құтқарушы Бекназар Мұсаұлы Жетісай қаласындағы №2 Шоқан Уәлиханов мектебінің 5 "а" сынып оқушысы. Жас батыр баспасөз мәслихатында төтенше жағдайлар департаментінің арнайы грамотамасымен және сыйлықпен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу