Екі күн ішінде Ақтөбе облысының Ішкі істер органдарына кәмелетке толмаған 117 бала жеткізілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазір облыс аумағында ҚР ІІМ нұсқауымен "Қауіпсіз мектеп" республикалық жедел-алдын алу шарасы өткізіліп жатыр. Ювеналды полиция инспекторлары саябақтар мен жастар көп шоғырланатын орындарда рейдке шығады.
Алғашқы екі күнінде ішкі істер бөлімдеріне 100-ден астам бала жеткізілді. Олардың бәрі үлкендердің, не заңды өкілдерінің қарауынсыз түн ішінде көшеде жүрген. Түнгі 11 мен таңғы 6-ға дейін инспекторларға кәмелетке толмаған 117 бала кезіккен.
Бала тәрбиелеу ісінде ата-аналық міндетін дұрыс орындамағаны үшін 32 оқушы мен 11 отбасы ІІБ есебіне алынды.
Бұл рейдтің мақсаты – кәмелетке толмаған балалар арасындағы тәртіп бұзу деректерінің азаюына ықпал ету. Жыныстық қатынастың салдарынан болатын түрлі ауруларды түсіндіріп, қоғамдық орындарда, жолдарда және бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста өзін қалай ұстап, қалай қорғана білудің қарапайым қағидаларын үйретуге тырысады.