Білім және ғылым министрлігі алғаш рет ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күнін жариялады. Бұл шара заманауи мектептердің жай-күйін танып-біліп, ондағы шәкірттердің қалай білім алып жатқанына бейжай қарамайтын әр отбасыны айналып өтпеуі қажет.
Ата-аналардың көбісінің мектеп жиналыстарына қатыспайтыны жасырын емес. Бұл ата-ананың баласының болашағына немқұрайлы қарауына әкеліп соқтырып жатады. Сол себепті де ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күніне барынша мән беріп, бұл күні барлық ата-ана жаппай мектептерге келіп, балаларының сыныптарын аралап, олардың қалай сабақ өтіп жатқандарын өз көздерімен көріп, сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, пікірлесуіне жағдай жасауға тырысу керек.
Бүгінде қазақстандық білім жүйесінде көптеген өзгеріс бар. ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздің барлық қаласы мен ауылында бір мезгілде өткізілетін шара барысында осы мәселелер туралы сөз қозғалады.