12 өңірде "Абай мектептері" ашылды – министр

408

"Қазақ тілі", "Қазақ әдебиеті" және "Абайтану" пәндері бойынша тереңдетілген оқу бағдарламасы бекітілген.

12 өңірде "Абай мектептері" ашылды – министр Фото: inbusiness.kz

Еліміздің 12 өңірінде "Абай мектептері" желісі құрылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Facebook-парақшасында жазды.

Қазақтың бас ақыны, хәкім Абай Құнанбайұлының туған күніне орай пост жазған министр Абай күніне орай еліміздің әр түкпірінде оқушылар мен ұстаздардың қатысуымен түрлі шаралар өткізіліп жатқанын және "Абай оқулары" байқауы бүгін өз мәресіне жеткенін айтты.

"Ұлы ойшылдың бізге қалдырған асыл мұрасы отаншыл, адал, парасатты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеудің негізі деп айтсақ артық емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың гуманитарлық бағыттағы Абай мектептерін ашу туралы тапсырмасына сәйкес еліміздің 12 өңірінде "Абай мектептері" желісі құрылған болатын", - деді Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, аталған білім ошақтарында қазақ тілі мен әдебиеті тереңдете оқытылып, бәсекеге қабілетті, елдің дамуына үлес қосатын елжанды тұлғалар тәрбиеленуде.

"Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты осы мектептердің орталық базасы болып белгіленіп, оқу-әдістемелік кешен даярлау, тәжірибе тарату жұмыстары жүзеге асырылуда", - деді министр.

"Аmanat" партиясының "Халықпен бірге!" сайлауалды бағдарламасы шеңберінде 2027 жылға дейін барлық өңірде "Абай мектептері" ашылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу