12 заңға өзгеріс пен толықтыру енгізіледі

1339

Қабылданатын құжат мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады.

12 заңға өзгеріс пен толықтыру енгізіледі Фото: parlam.kz

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.

"Заң жобасында жер, бюджет, құрылыстық процестік, азаматтық процестік және салық кодексіне, сондай-ақ "ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы", "ҚР қорғанысы және қарулы күштері туралы", "Табиғи монополиялар туралы", "ҚР астанасының мәртебесі туралы", "Жол жүрісі туралы" жалпы 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде", – деді жиында депутат Нұртай Сабильянов.

Өз кезегінде қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарақұсова 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы мәжіліске 2019 жылдың 1 қазанында енгізілгенін атап өтті. 

"Заң жобасы үкімет алдына қойылған бірқатар міндеттерді шешуге, сондай-ақ 2019 жылғы бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қаржы және бюджет комитеті заң жобасы бойынша 2019 жылғы 6 қарашаға дейін нақты шешім қабылдауды сұрайды", – деді депутат. 

Өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отырған заң жобасы мемлекеттік органдарға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласында жауапкершілік белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов: "Жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға сақтандыру қорын құру және сақтау саласындағы қызметті үйлестіру құзыреті беріледі", – деді

Заң аясында мемлекеттік материалдық резервті дер кезінде жаңарту үшін жаңа тәсілдер енгізіледі екен. Осы турасында ұлттық экономика министрі: "Болашақта сақтау пункттерінің материалдық құндылықтарды жаңартуын енгізу және материалдық құндылықтарды өтеусіз негізде басқа мемлекеттік органдардың балансына беру ісі қолға алынады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде қызмет ететін бірыңғай дистрибьютордың жұмылдыру резервінің медициналық мақсаттағы дәрілік заттары мен бұйымдарын жеткізу, сақтау және жаңарту функцияларын орындауға негіз болады", – деді.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу