12 жастағы полиглот 7 тілді жетік меңгерген

Ол домбыра шертіп, пианинода да ойнай алады.  

12 жастағы полиглот 7 тілді жетік меңгерген Фото: Кейіпкерден

Бір қызығы, қытай тілін ұялы телефондағы ойын арқылы-ақ меңгерген. 
Кейіпкеріміз Магда Бекахмет небәрі 2 жасында тіл үйренуге ұмтылыс жасаған жан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жас полиглот қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік, араб және испан тілін жетік меңгерген. Французша ән шырқайды, ол тілді алдағы уақытта толық үйреніп алуға ниетті. Тіл үйренуге деген қызығушылығын отбасында алған тәлім-тәрбиесімен байланыстырады. 

– "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" деген бар. Кішкентай кезімнен отбасым жан-жақты етіп, өнерге баулығандықтан, араб тілінен де алыс болмадым. Үйімізде бір сурет бар. Онда жылтырақ тастармен әртүрлі араб сөздері жазылған. Кішкентайымда оны жай ғана түсініксіз сурет деп ойлағанмын. Бірақ, 9-10 жасымда араб әліпбиін тани келе, Жаратушының аты жазылғанын аңғардым. Кейіннен қазақ тіліндегі көп сөздердің араб тілінен аудармасын білдім. Мысалы, мектеп – "мактабун", кітап – "китабун", қалам – "қаламун" деген сөздерді естігенде қызығушылығым арта бастады, - дейді ол. 

Вундеркинд қыз әр тілді әртүрлі қызығушылықпен меңгергенін айтты. "Ана тілімнен соң, түрік тілі – ең сүйікті тілім" деген ол әпкесімен бірге түрік музыкасын тыңдайтын болған. Сол арқылы тілге деген махаббаты ояныпты. Ал, испан тіліне қызығушылығы 2-3 жыл бұрын басталған. Испан тіліндегі видеолар және тіл әліппесі арқылы үйренуге кіріскен. Ерекше айтар жайт, қытай тілін ойын ойнау арқылы меңгерген. Оны уақытында өзі де байқамай қалыпты. 

– Қытай тілін үйренуде қиыншылық мүлдем болған жоқ. Әпкемнің телефоны арқылы арнайы қосымша тауып алдым. Өзім де жан-жақты болғандықтан, ізденгенді жақсы көремін. Шынында, барлығы оңай да ойын жолмен берілді. "Мынау суретті сал" сынды әртүрлі дауыс шығып, қызықтырғаны сонша, "ойынды" ойнап, қытай тілін үйреніп жатқанымды өзім де байқамаппын. Негізі аптасына 1 рет 1 сағат арнасам, кейде мұғаліміммен сөйлесеміз, - деді жас полиглот.

"Бір тіл білсең – бір адамсың" деген хәкім Абайдың сөзін назарға алып, кейіпкеріміз Магда Бекахметтен болашақтан қай тілдерді меңгергісі келетінні сұрадық. 

– Испан, түрік, араб, корей тілдерін жетілдірген соң, Еуропалық итальян, француз тілдерін меңгермек ниетім бар. Өйткені, француз әнін ұнатамын, кейбіреуін өзім айтамын. Мұндайда барлығы "французша білесің бе?" деп сұрақ қойғанда, "жоқ, жай ғана ән айтамын" дегім келмейді. Ал, итальян тіліне қызығушылығым көшеде кездескен итальяндықтар арқылы артты. Олардың итальянша сөйлегенін естіп, түсінгім, тілдескім-ақ кеп тұрады. Тіл үйрену мен үшін хобби сияқты. Бос уақытымда пайдалы дүниелермен айналысқанды жақсы көремін, - деп сөзін жалғастырды вундеркинд қыз. 

Домбыра шертіп, ән салып, тіпті пионинода ойнай алатын Магда Бекахмет болашақта тіл саласында жеке мектебін ашып, қазақ балаларының тілге, білімге, ғылымға деген қызығушылығын қалыптастырып, сүйіспеншілігін арттыруды көздейді. Актриса атану туралы да арманы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу