120 мың теңге жан бағуға жетпейді - жұмысшылар

363

Таразда энерго орталық жұмысшылары тағы да жалақы жырын жырлап, бас көтерді. Талаптары - табысты 30 пайызға еселету. Басшының берген уәдесі үдеден шықпады дейді.

120 мың теңге жан бағуға жетпейді - жұмысшылар Фото: nur.kz

Қымбатшылық қос бүйірден қысқанда 120 мың теңгеге жан бағу мұндағы мамандарға мұң.  Жұмысшылар жалақы жырын жарты жыл бұрын жырлағанда, жоғарылайды деп уәде бергенін айтады. 

Жылу мекемесі қазір ішкі қарызға белшесінен батқан. Бұрынғы басшылықтың 2 жыл бұрын істі болғаны, кедергі дейді. Бүгінде орталық өзге мекемелерге 1.5 млрд теңге қарыз. Соған қарамастан қаңтар айында айлықты 10 пайызға арттырыпты.  

"Барлығымыз 120 мың айлықтан алып отырмыз. Соған 10% қостық дейді. Сонда  10% қанша, 12 мың теңге да, біз кіншкене қоссыңдаршы деп жатырмыз. Күнкөріс қазір қиындап кетті ғой, 120 мыңмен кім өмір сүре алады?", дейді Жұмысшы Жомарт Жұмабеков.

Қазір мекемеде 300-ге жуық жұмысшы бар. Қызметкерлер соңғы 3 жылда 13-ші жалақыны көрмедік деп өкпелі. Бұған қоса тоқсандық төлем де тоқтапты. Қаржылық қиындық аз-маз өсімді  қанағат қылуға мүмкіндік бермей отырғанын айтады.  

"Соның өзіне қанағаттанбай бірден 30 пайызға көтерсін деп айтып отыр. Жұмысшылар шықты екен деп, 30 пайызға бірден көтере алмайды ғой. Тарифке байланысты оның бәрі", дейді "Тараз Энерго орталығы" АҚ бас инженерінің орынбасары Мақсат Сәрсенбаев.

Орталық жалақы жылу бағасы өссе ғана, айлық көтерілетіндігін айтады. Ал бас қаладағы монополияға қарсы комитет тарифті көтеруге қарсы. Бірақ соған қарамастан мекеме баға өсіруге өтінім берген. 

"Негізгі айлықтың 70 пайызын электр энергиясымен жабамыз. Бір жағын да түсінсеңіздерші. Айлық көтерілгенде, біздің айлық тек тарифке байланысты", дейді "Тараз Энерго орталығы" АҚ президенті Жұмабек Бөлекбаев.

Орталық соңғы 9 жылда ескі тарифпен күнелтіп келген. Биыл ғана жылудың жаңа тарифіне ойысқан. Жалпы мекеме қазір қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Осы жылы ескі-құсқы қазандықтарға үкіметтен қаржы бөлінбек екен.

Тараз энерго орталық тұтас шаһарды 80 пайыз жылумен қамтитын мекеме. Жуырда ғана энергетика министрлігі елімізде құрал-жабдығы тозған орталықтардың тізіміне Таразды да қосқан еді. Бізге белгілісі мұнда қазандық, қондырғылар 80 пайызға ескірген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу