Жеке тұрғын-үй құрылысы үшін жер телімдерін тарату жұмысы инфрақұрылым желілерін тартуға байланысты болып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Назымбек Кенжебаевтың айтуынша, елорданың маңайында жер телімдерін беруге жағдай жоқ. Дегенмен, жер кезегіне тіркеу жұмысы жүріп жатыр.
"Қазіргі кезде кезекте тұрғандардың саны 123 мыңнан асып кетті. Заң бойынша біз өтініштерді қабылдауға міндеттіміз. Өтініш жазатын кісілерге ешқандай бөгет жоқ. Ондай адамдар белгіленген тәртіппен кезекке қойылады. Бірақ болашақта жер беріле ме, жоқ па, оны дәл қазір айта алмаймын. Өйткені жалғыз бізге ғана байланысты емес. Ол жұмыс бірнеше мемлекеттік органның құзіретіне жатады. Себебі жарық, су, газ, жол сияқты мәселелер бар", – деді Назымбек Кенжебаев.
Айта кетейік, бүгінде елордада жеке тұрғын-үй құрылысына арналған жер телімдерін алуға деген сұраныс нақты жоспардан 7-8 есеге артық болып тұр. Себебі 2030 жылға дейінгі Астананың бас жоспарына сәйкес, жеке құрылысқа тек 15 мың жер телімін дайындап беруге мүмкіндік бар. Ережеге сәйкес, ондай жерлерге инфрақұрылым желілері тартылуы қажет. Астанада дәл қазір ондай жерлер жоқ. Дегенмен, жер кезегіне өтініштер қабылдана береді. Себебі ол - заң талабы.