Бүгінгі таңда елімізде су басу қаупі бар аймақтарда 1 223 елді мекен бар. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өңірлерде алдын алу шаралары мен инженерлік жұмыстар өткізілуде. Оларды іске асыру барысын жергілікті жерлерде министрліктің бөлімшелері жүзеге асыруда. Су тасқынына қарсы іс-шаралар республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттар арқылы іске асырылады", – делінген хабарламада.
Елді мекендерді қорғау үшін 576 шақырым қорғаныш бөгеттері мен біліктері салынды. 164 километр дренаж жүйесі жөнделді және салынды, 960 автомобиль және темір жолдардың астына су өткізу құрылыстары орнатылды және ауыстырылды, 658 шақырым каналдар мен арықтар құрылды. 74 өзеннің қауіпті учаскесінде үш жүзден астам шақырым тереңдету мен жағалауды нығайту, 190 шақырым тазарту жұмыстары жүргізілді.
Ақтөбе облысында ұзындығы 1300 метрді құрайтын Елек өзенінің бойында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Алматы облысының Талғар ауданындағы Талғар қаласында 38 шақырым арық жүйесі және 30-дан астам көше бар, олар қоқыстан тазартылды. Жақын арада осындай іс-шараларды өткізу, сондай-ақ қосымша арналар салу жоспарлануда.
Жамбыл облысында ТЖд қызметкерлері су басу қаупі бар 6 қауіпті учаскені анықтады. Талас өзені жағалауын нығайту жұмыстары қаңтар айында басталды.