Шетелде болған қызылордалықтан коронавирус белгілері 27 күннен соң ғана байқалған

3843

Оңтүстік Кореядан келген қала тұрғыны Қызылордаға 1 наурызда келген.

Шетелде болған қызылордалықтан коронавирус белгілері 27 күннен соң ғана байқалған

Қызылордада коронавирус жұқтырған алғашқы науқас анықталды. Коронавирус анықталған науқаспен қарым-қатынаста болған 30 азамат бақылауға алынған. Бұл туралы бүгін онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Қызылорда облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова, науқастың Оңтүстік Кореядан келген 1955 жылы туған қала тұрғыны екенін айтты. Ол көп уақыт бойы сол жақта жұмыс бабымен болған. Қызылорда қаласына осы жылдың 1 наурызы күні келген. Келген күннен бастап талапқа сай 14 күн дәрігерлік тексеруден де өткен. Бірақ дерт белгісі 27 наурызда ғана белгі болған.

"Қазір науқаспен жақын араласқан адамдардың саны анықталды. Олардың барлығы талапқай сай бақылауға алынып, тексеруден өтеді. Аурудың одан әрі тарап кетпеуіне барымызды саламыз. Тұрғындарда дүрбелеңге салынбай, санитарлық талаптарды сақтап жүруін сұраймыз. Дұрысы, үйден сыртқа көп шықпаған дұрыс. Үлкен сауда орындарында дезинфекциялық тазалық жұмыстарының жүргізілуін бақылауды күшейте түсеміз", – деді Әлия Әбдіқайымова.

Бүгін ғана сайланған жаңа облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова алғашқы тапсырмасын беріпте үлгерді. Ол арнайы қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, өңірдегі ахуалға қанықты. Гүлшара Наушақызы емдеу орнындағы төсек орындарды көбейту жөнінде тапсырма берді.

Бүгінде коронавирус індетіне шалдыққан науқастармен байланыста болған 3 адам қатаң бақылауға алынған. Бұл мәліметті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов айтты.

"Облыста инфекцияның таралуын болдырмау және алдын алу үшін барлық емдеу мекемелері бірінші типтегі костюмдермен, қорғаныс құралдарымен, қажетті дәрі-дәрмек қорымен толық жабдықтаған. Провизорлық бағытта 100 төсек, карантиндік 850 төсек орны дайын тұр", –деді басқарма басшысы.

Жалпы, бүгінгі күні Қызылордада 111 адам медициналық бақылауда. Олардың 87-і үй карантинінде. Ал 24-і провизорлық стационарда карантинге, 14 күнге медициналық бақылауға алынды. Бұған қоса коронавирус анықталған науқаспен қарым-қатынаста болған 30 азамат бақылауға алынған.

Облыста азық-түлік өнімдеріне тапшылық туындамас үшін 27 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Онда әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 10007,5 тоннасы бар.

"Әлемдегі валюта бағамының тұрақсыздығы және індеттің таралуына байланысты қажетті азық-түлік қорын қалыптастыру үшін 720 тонна өнім сатып алынды. Бүгінде 27 әлеуметтік дүкен жұмыс жасайды, жыл аяғына дейін қосымша 34 дүкен ашу жоспарлануда. Барлық дүкендерде күнделікті қажетті өнімдер 15% төмен бағада сатылуда", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетов.

Ал көкөніс өнімдерін сақтайтын 3250 тонналық қоймаға қосымша сақтау қуаттылығы 2000 тонна құрайтын заманауи көкөніс қоймасы беріліп, қажетті өнімдермен толықтырылуда екен.

Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылары ай сайынғы кепілді әлеуметтік пакетпен қамтылса, ақшалай әр балаға 5647 теңгеден төленіп жатыр. Және де бұл көмек жеке есеп шоттарына аудару арқылы жүргізіледі. Яғни жұмыспен қамту орталықтарына барудың қажеті жоқ.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу