126 түзету енгізілген заң жобасы қабылданды

924

Зорлық-зомбылық фактісі бойынша 130 мыңға жуық арыз түсті.

126 түзету енгізілген заң жобасы қабылданды

Мәжілістің жалпы отырысында "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Заң жобасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру мақсатында әзірленді.

Заң жобасына отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың құқықтық тетіктерін ретке келтіру; ұғымдық аппаратты кеңейту; құқық бұзушылардың зорлық-зомбылық және агрессиялық мінез-құлқын өзгерту үшін психологиялық жағынан түзету бағдарламасынан өту арқылы құқық бұзушыларды қайта әлеуметтендіру жөнінде шаралар енгізу; құқық бұзушыларға қатысты қорғау нұсқамасын шығару кезінде полицияның оларды бақылау жөніндегі құзыретін күшейте отырып, уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау міндеті жүктелді. 

Заң жобасын әзірлеу барысында жұмыс тобының 13 отырысы және комитеттің кеңейтілген отырысы өтті. Құжат 2020 жылғы 16 сәуірде таныстырылды. Заң жобасына 200 түзету ұсынылып, оның 126-сы  қабылданды.

Айта кетейік, заң жобасын қабылдау барысында ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчи баяндама жасады. Ол биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша құзырлы органдарға 130 мыңға жуық шағым түскенін мәлімдеді. 
"Соңғы 8 айда тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мыңға жуық арыз келіп түсті. 2,5 мың шағым бойынша қылмыстық іс қозғалды. 30 мыңға жуық шағым әкімшілік іс санатында қаралды. Қалған жағдайларда жәбірленушілер шағымнан бас тартқандықтан тиісті шара қолдана алмадық", – деді вице-министр.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу