13 мың АҚШ доллары көлемінде бас жүлдені Өзбекстанның азаматы Андрей Петров және Қырғыстанның спортшысы Виктория Полюдина ұтып алды, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Естеріңізге салайық, ақшалай сыйлық 42 шақырым 195 метр қашықтық үшін қарастырылды.
Марафонның қатысушылары 3 қашықтықта жарысты: EXPO RUN - 2017 метр, әуесқой - 10 шақырым, марафон дистанциясы - 42 шақырым 195 метр қашықтық. 2017 шақырымдық жүгіруден әйелдер-паралимпиадашылар арасында екібастұздық Оксана Ли топ жарды. Күміс медальді Жаннат Бабақұмарова иеленді. Ерлер-паралимпиадашылар арасында бірінші орынға Құрбан Әбуов ие болды. Екінші орынға Николай Квашин жайғасса, үшінші орынды Дастан Раушанбеков қанжығасына байлады.
Бұл жүгіруден спортшы-әйелдер арасында елордалық Анар Қырыкбаева да бой көрсетті. Павлодарлық спортшылар Анастасия Шароварова мен Белла Комарова да марапатталды.
10 шақырым қашықтыққа жүгіруден спортшы әйелдер арасында қола Көкшетау қаласынан келген Надежда Бекмағамбетоваға бұйырды. Шымкенттік Балнұр Асылбек күміс, Татьяна Нерознак алтын медаль еншіледі.
Ерлер арасында Құдайберген Зейноллаев ең үздік атанды. Алматы облысының спортшысы Дарын Қонысбаев екінші болып жетсе, Оңтүстік-Қазақстан облысынан Артем Чижевский үшінші болып мәре сызығын кесті.
Жарыстың ақтық мәресінде 42 шақырым 195 метр қашықтыққа жүгіруден спортшы әйелдер мен еркектер арасында жеңімпаздар анықталды. Бірінші орын жеңімпазы
13000 АҚШ долларын ұтып алса, екінші орын иегері 6000 АҚШ долларын алды, үшінші орын иегерлеріне сертификаттар мен 4000 АҚШ доллары табыс етілді.
Марафонда Беларусь республикасынан Владислав Прямов және Өзбекстаннан Марина Хмелевская күміс медальдардің жеңімпаздары атанды.
Қола медальдар Қырғызстаннан Илья Тяпкинге және қазақстандық спортшы Гүлжанат Жанатбекке бұйырды.
4, 5, 6, 7, 8, және 9-шы орындарға ие болған марафонның қатысушылары ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қалған жеңімпаздар да (қалған қашықтыққа жүгіруден) елеусіз қалған жоқ. Оларға демеушілер мен шара ұйымдастырушылардан құнды сыйлықтар табыс етілді.
Жалпы алғанда ШЫҰ халықаралық марафоны және Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі елдің түрлі өңірлерінен 5600 адамды жинады.