Алматы облысының кеденшілері шекарада тәркіленген 13 тоннаға жуық спорттық аяқкиімді өртеп жіберді, деп хабарлайды ktk.kz.
Түпнұсқадан бір мысқал кем емес тауарлар Қытайда жасалыпты. "Қалжат" өткізу пунктінде тәркіленген спорттық аяқ-киімдердің бағасы 84 мың АҚШ долларына бағаланып отыр. Тауарды жеткізушілердің Кеден одағының шекарасы арқылы тасымалдауға уәкілетті тұлға еместігі анықталған және олардың тауардың қауіпсіздігін растайтын сертификаты болмаған.
Қазір кеденшілер контрафактілік тауарларды түгелдей арнайы пеште өртеп, көзін жойған.
Айта кетейік, соңғы кезде Қытайда жасалған көшірме тауарларды елге алып өтпек болғандардың қатары жиілеген. Әсіресе, оңай олжаны көксегендер көбінесе кондитерлік өнімдер мен құрал-саймандардың көшірмесін тасымалдайды екен.
"Бұл тауарлардың қауіпсіздігін растайтын сәйкестік сертификаты жоқ. Сондықтан бұл тауарлар Қазақстан аумағына өтіп кетсе, адам денсаулығына зиянын тигізеді", - деп хабарлайды Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Ғабит Оразов.