Ақтоғай ауданының орталығынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан Балтасап ауылында 13 жасар бала аттан құлады,– деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Туыстарының сөзіне қарағанда, оны қырдан ес-түссіз жатқан күйі тауып алған. Содан соң бірден аудандық ауруханаға жеткізген. Аурханаға Павлодар қаласынан балалар анестезиологы мен нейрохуриргі де келді.
"Ақтоғай ауылындағы ауруханаға жеткізілген кезде жағдайы өте ауыр, 1-2 дәрежелі комада болды. Жағдайының ауыр екені ескеріліп, реанимобильмен облыстық ауруханаға жеткізілді",– деп хабарлайды Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Өкінішке қарай, дәрігерлер баланы аман алып қала алмады. Бас сүйек-ми зақымы мен көптеген жарақаттары өмірін үзді.
Облыстың полиция департаментінің хабарлауынша, сот-медициналық сараптама жұмыстары жүргізілуде.
"16 маусым күні сағат 02:15-те Павлодар қаласындағы ауруханалардың бірінде 13 жасар баланың қайтыс болғаны туралы ақпарат түсті. Полиция қызметкерлері кәмелеттік жасқа толмаған азаматтың 15 маусым күні сағат 12:30-да Ақтоғай ауданы Балтасап ауылында аттан құлағанын анықтады. Куәгерлер бар", – дейді полиция департаменті.
Ажар Дәулетова