Башимов ресейлік депутаттың Қазақстан туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

749

Ресей заң шығарушы органының өкілі Қазақстанды "заңсыз аумақ" деп атаған. 

Башимов ресейлік депутаттың Қазақстан туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді  Фото: inform.kz

Мәжіліс депутаты Марат Башимов ресейлік депутаттың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Осымен, кезекті рет Мемлекеттік Думаның кейбір депутаттары тарапынан Қазақстанға қатысты жағымсыз сөздерін естіп отырмыз. Өзінің жалған, арандатушылық сөздерімен танымал депутат Федоров егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға қатысты алып қашпа сөзге тағы да жол берді. Біріншіден, ол сепаратизм үшін сотталған "Петропавл халық кеңесінің" қатысушыларына қатысты үкімге пікір білдірді. Екіншіден, ол Қазақстанды "заңды емес сипаттағы аумақ" деп атады. Ол еліміз барлық қажетті рәсімді сақтамай тәуелсіздік алды деп отыр. 13 жасар баланың ақыл-ойы бар Мемлекеттік Дума депутатының бұл арандатушылығына түсініктеме беру қиын болғанымен, тырысып көрейін", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның сөзінше, Федоровтың айтқаны тарихқа қарама-қайшы.

"Ол деректерге манипуляция жасап, КСРО-ның ыдырауы қалай жүргені туралы әдейі жақ ашпай отыр. Бұл ретте Федоров өзінің Президентінің ресми саясатына да қарсы екенін аңғартып қойды. Владимир Путин таяуда Қазақстанға жасаған сапары барысында Қазақстан-Ресей серіктестігі "өзара сыйластық, егемендікті, аумақтық тұтастықты мойындау және ішкі істерге араласпау қағидаттарына негізделгенін" атап өткен болатын", - деп түсіндірді халық қалаулысы.

Мәжілісмен Ресей заң шығарушы органы өкілдерінің мұндай пікірлері орынсыз екенін баса айтты.

"Олар ең әуелі Ресейдің бізге қатысты позициясына зиян тигізеді. Федоров пен оған ұқсас азаматтардың психологиялық травмасы БАҚ пен Парламентте емес, психиатрдың көмегімен шешілуі тиіс", - деп жалғастырды ол.

Марат Башимов Қазақстанның барлық көрші елдермен шекарасын шегендегенін атап өтті. 

"Ресейлік әріптестерімді мұндай саяси тақырыптарда сөйлемес бұрын ойлануға шақырамын. Сіздердің өткен Кеңестік заман туралы естеліктеріңіз баяғыдан-ақ тарих кітаптарының бетінде қалды", - деді Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу