Тұрғындардың сөзінше, былтыр ғана салынған қазандық бұған дейін екі рет істен шыққан. Жауаптылар бұл жағдайды біле тұра, ешқандай шара қолданбаған. Ал елді мекен оқушылары мектеп ішінде орнатылған пешпен жылынбақ.
34 жастағы от жағушы Ержан Тілеубек үш жылдан бері мектеп пешін жағып келген. 21-ші қаңтарда кенеттен пештің бірі жарылып, ыстық су атқылағанда оның денесінің 70 пайызы күйіп қалған.
Жыл өтпей жатып, қос пештің сыр бергенін пеш жағушылар мектеп директорына ескерткен екен.
Қазандық салуды мойнына алған мердігер "тапсырыс берушінің талабына сай жұмысты орындадым" десе, жауаптылар "қателіктің кімнен кеткенін енді комиссия шешеді" деп басу айтты.
"Мемлекеттікстандартқа сәйкес барлығын жасап шықтық. Не сұрады олар бізден соның барлығын жасап шықтық", дейді мердігер Айжан Бейсембекова.
"Қателікті мен қазір айта алмаймын. Мен бұйрық шығарып, комиссияны ішіне кіргіздім. Экспертпен сөйлесіп отырмын. Қарағандыдан эксперт келеді. сол қорытынды шығарады. Соның шешімінен кейін ғана біле аламыз", дейді Абай аудандық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Көрпешова.
Ал ата-аналар мектеп ішінде орналасқан пешке қатысты, балаларын білім ордасына жіберуге қарсы.
Автономдық қазандықтың қаншалықты дұрыс салынғанын комиссия мүшелері анықтайтын болады. Әзірге, облыстық полиция департаментінің өкілдері қылмыстық кодекстің 156-шы бабы, бірінші тармағы, яғни еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша істің қозғалғанын мәлім етті.