1 300-ден астам шағын және орта бизнес нысаны бүлінген

1117

8 өңірде жөндеуді және қалпына келтіруді қажет ететін 53 мемлекеттік нысан анықталды.

1 300-ден астам шағын және орта бизнес нысаны бүлінген

Ел өңірлерінде болған тәртіпсіздіктер кезінде әкімшілік ғимараттар мен коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілері бүлініп, елеулі залал келтірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Әкімдіктердің жедел деректері бойынша 8 өңірде жөндеуді және қалпына келтіруді қажет ететін 53 мемлекеттік нысан (Алматы қаласы – 21, Шымкент – 6, ШҚО – 2, Алматы – 6, Жамбыл – 7, Қызылорда – 9, Атырау – 1, Ақтөбе облыстары – 1) бар.

"Атамекен" ҰКП-ның алдын ала ақпаратына сәйкес ел бойынша жылжымалы (көліктер, арнайы техникалар) және жылжымайтын мүліктер (ғимараттар мен құрылыстар), сондай-ақ тауарлық-материалдық құндылықтарды қоса есептегенде 1 300-ден астам шағын және орта бизнес объектісі зардап шекті.

Қазіргі уақытта барлық өңірде келтірілген залалды тексеру және бағалау жөніндегі тиісті комиссиялар құрылды.

Алдын ала тексеру бойынша коммерциялық нысандардың 221 ғимаратына елеулі залал келтірілген және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Оның ішінде Алматы қаласында 215 объект, ШҚО-да 6 объект бар. Шымкент қаласында 2 нысан қалпына келтірілді.

Осы объектілер бойынша техникалық сараптамалық тексеру жүргізіліп, техникалық құжаттамалар жасалады және жөндеу жұмыстарының құны анықталады.

"Жоғарыда көрсетілген жұмыстар жүргізілгеннен кейін жөндеу-қалпына келтіру үшін объектілер мен шығындардың нақты көлемі айқындалады. Осыдан кейін әкімдіктер зардап шеккен адамдарға өтемақы төлейді. Келтірілген залалды өтеу шараларын жеделдету үшін әкімдіктер "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп жылжымайтын мүлікті растайтын құжаттарын жинақтайды", – деп жазылған хабарламада. 

Тергеу шараларына байланысты зерттеу жүргізу үшін кейбір объектілерге кіруге шектеу қойылғанын айта кету керек.

Объектілерді қалпына келтіру бойынша жоғарыда көрсетілген барлық іс-әрекеттер Мемлекеттік комиссия әзірлеген бірыңғай алгоритм бойынша жүзеге асырылады.

Барлығының міндеттері бөлініп, әрбір мемлекеттік орган бүлінген объектілерді жедел қалпына келтіру жұмыстарына тартылады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу