14 миллиондай қазақтың қызметті мемлекеттік тілде ала алмауы парадокс – Қазыбек Иса

1043

Мәжілісте мемлеттік тіл мәселесі тағы көтерілді.

14 миллиондай қазақтың қызметті мемлекеттік тілде ала алмауы парадокс – Қазыбек Иса Фото: inform.kz

Депутат Қазыбек Иса мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді заң аясында міндеттеу керегін айтты. Оның айтуынша, Елбасы да, Мемлекет басшысы да тапсырған мемлекеттік тілдің өз атына сай болу талабын кейінге қалдыруға болмайды. 

"Өйткені қазіргі кезде 1989 жылғы қазақтың саны 39 пайыз кезінде қабылданған Тілдер туралы заңнан бері демографиялық өсіміміз 2 есеге өсті, қоғам да мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуын талап етуде, уақыты да келді", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Қазыбек Иса Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды "Ақ жол" партиясы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы бірінші отырысында да көтергенін еске салды.

"Қазір халқымыз 19 миллионға, қазақ ұлты 78 пайызға жетіп қалды. 
Ал сол халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқ асты етіп жатыр. Тәуелсіз елін аңсап келген миллионнан аса қандасымыз бен ауылдағы миллиондаған қаракөздеріміз жапа шегумен келеді", – дейді ол.

Осы орайда депутат мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттеудің уақыты келгенін жеткізді.

"Әлі күнге дейін мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы нақты талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы азаматты тілдік кемсіту емес, мемлекеттік қызметшіге (бар болғаны 100 мыңға жуық адамға) қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Сыртқы істер саласының мамандарынан шет тілін білуді қалай талап етсе немесе көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет бұл. 14 миллиондай  (78 пайыз) мемлекет негізін құраушы қазақ  ұлты 100 мыңдай ғана (0,5%-жарты пайыз) мемлекеттік қызметшіден қызметті не ақпаратты мемлекеттік тілде ала алмауы нағыз парадокс!?", – дейді Қазыбек Иса.

Оның пікірінше, мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтайтын уақыт жеткен.

"Себебі, қазір Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып жатқанда, мемлекеттік тіл туралы статусын толық атқара алмаған заңымыз демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр... Суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей оны үйрену де сондай мүмкін емес! Ал ешбір заңда не бағдарламаларда, мемлекеттік органдарда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы норма жоқ. Сондықтан да биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында: "Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті" - деп нақты атап көрсетті", - дейді депутат.

Ол Үкіметке қазақ тілі шынайы ұлтаралық қатынас тіліне айналып, елдің әр азаматы білуге міндетті мемлекеттік тіл болуы үшін келесі шараларды қабылдауды ұсынды:

1. Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелерінде міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;

2. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу, қажетті механизмдерін  жасау;

3. Заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, ақпараттары мен есептерін, іс қағаздарын ресімдеудің негізгі нұсқасы – тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс;

4. Кез келген тілдін дамуының кепілдігі – оның экономикалық және қаржылық салада қажеттілігі. Сол себептен мемлекеттік тілді ең алдымен экономикада да қолдануды күшейтуіміз қажет", - деді Қазыбек Иса.

Дәурен Ерболатов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу