skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы іске қосылған сәттен бастап 14,3 мыңнан астам қазақстандық, оның ішінде 8,7 мың жұмыссыз азамат курстан өткені туралы сертификат алды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Платформа былтыр шілде айында ашылды, бүгінде оны 24,3 мың адам пайдаланады, оның 10,8 мыңы 2022 жылы тіркелген.
"Оқудан өткен 8,7 мың жұмыссыз азаматтың 3 мыңға жуығы – негізінен Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау және Ақтөбе облыстарынан келген жастар. Авторлар іске қосылған сәттен бастап платформада әртүрлі бағыт бойынша 117 курс жариялады, оның 63-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін. Ең көп сұранысқа ие курстар – "Управление персоналом", "Сүтті ірі қара өсіру", "Кассир", "Выращивание клубники от А до Я" және "Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелуі және дайындалу технологиясы", – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) "Онлайн оқыту" бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгей бойынша тест тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.
"Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көреді", – деп жазылған хабарламада.