Төртінші қабаттағы терезеден құлап кеткен 14 жастағы жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқыс оқиға 12 желтоқсан күні кешкі уақытта қаладағы Назарбаев даңғылында болған. Көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы терезеден жасөспірім құлап кеткен.
Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 жастағы жасөспірімді шұғыл түрде жедел жәрдем қызметкерлері Ана мен бала орталығына жеткізді. Қазіргі уақытта ол ауруханаға жатқызылған.
"Баланың бас сүйегі жараланып, жіліншігі сынып кеткен. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр", - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.
Әзірге баланың қалай құлап кеткені белгісіз. Оқиғаға қатысты полиция департаменті ақпарат бермеген.