Орталық коммуникациялар қызметінде білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің 25 сәуірде халыққа есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"15 мамырда осымен екінші рет жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтеді. Сіздер білесіздер, орташа есеппен жиналысқа ата-аналардың 10-15 проценті қатысады. Өткен жылы жалпыұлттық жиналысқа оқушылардың 80 процентінің ата-анасы келді, бұл өте жақсы нәтиже. Биыл біз бұл көрсеткішті қайталағымыз келеді. Сондықтан министрлік атынан мемлекеттік органдарды қоса алғанда, барлық жұмыс берушіден сол күні ата-аналарды жұмыстан ерте жіберуді өтінеміз. Ата-аналар ұл-қыздары оқитын мектепке барып, жиналысқа қатысуы керек", —деді Сағадиев.
Сонымен қатар, білім министрі 1 маусымда дәстүрлі республикалық балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің парады өтетінін атап өтті. Биыл жастар шеруі екінші рет ұйымдастырылғалы отыр.
"Былтыр парадқа жүз мыңнан аса бала қатысты. Осы жылы 500 мыңдай қатысады деп жоспарланып отыр. Шеруге оқушылар, мұғалімдер, студенттер тартылды", —деді ведомство басшысы.
Айта кетсек, Сағадиевтің айтуынша, 25 сәуір күні Астанада өткен есептік кездесуге 800-ден астам адам қатысқан. Бейнеконференция байланысы арқылы 15 өңірден 850 адам қамтылды.