15 өрт сөндіруші үйлі болды

278

Батырларымызға су жаңа қызметтік пәтерлердің кілтін төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен қала әкімі Жеңіс Қасымбек табыстады.   

15 өрт сөндіруші үйлі болды Фото: gov.kz

Мұндай шара министрлік тарихында бұрын-соңды болмаған. Айта кетейік, жыл сайын елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 4 мыңнан астам жедел-құтқару жұмыстарын жүргізеді. 600-ден астам өртті тоқтатып, мыңнан астам адамның өмірін құтқарады.

"Отан үшін отқа түсіп", өмір мен өлімнің арасында жүргендердің бірі – Нұрсұлтан Өксікбай.  Өрт сөндіруші болып 8 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Тараздан көшіп келгелі жанұясымен біресе туыстардың үйінде, біресе жатақханада тұрған. Бүгін күтпеген жерден баспаналы болды.

Марапаттау сәті:

НҰРСҰЛТАН ӨКСІКБАЙ, А.ЗАБИКУЛИН АТЫНДАҒЫ №6 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ АҒА ӨРТ СӨНДІРУШІСІ:

Мен және менің отбасым үшін негізі бүгін өте қуанышты күн. Жатақханада тұратынмын. Қанша жыл болды кішкене қиыншылықтар болды, ала алмай жүрдік. Бір аспаннан түскендей болдым ғой. Түсіндіре алмаймын, жеткізе алмаймын.

Нұрсұлтаннан бөлек тағы 14 құтқарушыға бүгін үй бұйырды. Сегіз бір бөлмелі және жеті екі бөлмелі пәтер елордадағы Қабанбай батыр даңғылы бойындағы TENGRI және Е-36 көшесіндегі Respublika тұрғын үй кешендерінде орналасқан.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы құтқарушылардың әлеуметтік әл-ауқаты ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты деген. Сондықтан тұрмыстық жағдайды жақсарту қызметкерлердің тиімділігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Қазір құтқарушылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін бірнеше жеңілдік қарастырылған. Атап айтсақ, тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың санаты кеңейтілді, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Онда төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің санаты бөлек бөлінген.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Пәтер алушы біздің әріптестерімізге менің тілейтінім – үйлеріңіз шаттыққа, бақытқа толсын. Енді келешекте жаңа Жеңіс Махмұтұлы айтып кеткендей, тағы да келесі топ біздің қызметкерлерге берілетініне біз үміт артамыз. Үлкен рақмет!

Департамент қызметкерлері үшін тұрғын үй сертификатының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Соңғы үш жылда құтқарушыларға 90 пәтер берілді. Министр баспанаға мұқтаж мамандар болмау үшін мұндай шараларды жалғастыратынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу