154 тұрғынды сан соқтырған алаяққа сот үкімі шықты

224

Алаяқтың әрекетінен 154 адам зардап шегіп, келтірілген шығын көлемі 12 млн теңгеге жуықтаған.  

154 тұрғынды сан соқтырған алаяққа сот үкімі шықты Фото: Liter.kz

Қызылорда қаласының 32 жастағы тұрғыны интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмысы үшін сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

 Сот үкімімен оған 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Тергеу мәліметінше, сотталған азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы "Instagram" әлеуметтік желісінде "Dake.87089241173"деп аталатын жалған парақша ашып, бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланып,  "1XBETKZ" букмекерлік кеңсесі мен "Wooppay Wallet" төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің қаражатын иемденген. Ол салынған қаражатты еселеп қайтаратынын айтып, тұрғындарды алдап, олардың ақшасын иемденіп отырған.

Алаяқтық схема барысында букмекерлік кеңсе мен электронды төлем жүйелері пайдаланылған. Нәтижесінде республика бойынша 154 адам жәбірленіп, келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 12 миллион теңгені құрады.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеген. Осыған байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды.

Қазіргі уақытта сотталған азамат тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу