Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде тасымалдаушылар мен басқа да мүдделі тараптарды қысқы кезеңдегі ауа райы жағдайлары мен автожолдардағы қозғалыс шектеулерін ескеруге шақырады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әдетте, қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты, әсіресе қазақстан-қытай шекарасында, автомобиль өткізу пункттерінің өткізу мүмкіндігінің төмендеуі мүмкін. Бұл өңірде төмен температуралар мен қатты желдерге байланысты қытай тарапының белсенділігі азаюы ықтимал.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге сәйкес, екі елдің мерекелік күндерінде өткізу пункттерінің жұмысы уақытша тоқтатылады.
Жақын арада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты 2024 жылғы 16-17 желтоқсан аралығында қазақстан-қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын және жүктерді өткізу жүзеге асырылмайды.
Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Комитет өткізу пункттері жұмысының өзгеруіне жедел ден қою және тасымалдаушыларды уақытылы хабардар ету үшін көрші елдердің құзырлы органдарымен белсенді ынтымақтастық жасауда.