16 млн теңгені алаяқтықпен иемденген күдікті ұсталды

429

Күдікті жергілікті тұрғынға өзін ҰҚК қызметкерімін деп таныстырған. 

16 млн теңгені алаяқтықпен иемденген күдікті ұсталды Фото: polisia.kz

Тараз қаласы полиция басқармасының Бірінші полиция бөліміне жергілікті тұрғын 2022 жылдан 2023 жылға дейін пәтерін жалға алған ер адам өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, алдау арқылы сеніміне кіріп, оның ақшасын пайыздық қарыз түрінде иемденгені туралы шағымданды. Сонымен бірге, ол ұлын мемлекеттік қызметке орналастыруға және сот ісін жүргізуге көмектесуге уәде берген. Келтірілген шығын 15 936 930 теңгені құрады.

 Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлері облыс орталығының 26 жастағы жұмыссыз тұрғынын анықтап, ұстады.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Істің егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау үшін барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе осы құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу