Әзірге нақты қанша пайызға өсетіні белгісіз. Бірақ жаңа салық ережесі қабылданса, бұл сала құрдымға кеткелі тұр деп сарапшылар дабыл қақты.
Осыған дейін салыққа 4 пайыз төлеп келген кәсіпкерлер енді 16 пайызға мүлде төтеп бере алмаймыз деп отыр. Сондықтан, еліміздегі 300-ге жуық таксопарк жабылудың аз алдында тұрған көрінеді.
Мәселен, көлікті 1 күнге жалға беру құны қазір 12 мың теңге болса, қосымша құн салығы өссе 22 мыңға дейін қымбаттауы мүмкін. Ал такси жүргізушісі бұл соманы шығару үшін тасымал құнын өсіруге тура келеді. Сөйтіп, көлеңкелі бизнеспен айналысатындардың қатарын арттыруы мүмкін.
Жеме-жемге келгенде, қымбаттаған такси құны халықтың қалтасына салмақ түсіреді. Бүгінде Қазақстанда 100 мыңнан астам адам такси және курьер қызметінде жұмыс істейді.