Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қыз баланы өлтіріп, денесін каналға лақтырып жіберген адамға жаза кесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға 2026 жылдың маусым айында Шиелі ауданында болған. 16 жасқа толмаған Балсұлу Өмірзақ 2 маусым күні кешке үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Қыздың денесі бір күннен кейін Жақаев каналынан табылған.
Полиция жаға ұстатарлық қылмысқа күдікті ретінде жергілікті тұрғынды қамауға алды. Тергеу барысында оның кінәсі толық дәлелденді.
Айыпталушы сот отырысында қылмысын мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады.
Сот қылмыстық істі ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы, яғни көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру дерегі бойынша қарады.
– Қылмыс сотталушының кінәсін мойындауымен, жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнетаспа, қылмыстық іс құжаттарымен және заттай дәлелдемелермен дәлелін тапқан. Прокурор сотталушыға 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушыға 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ 10 млн теңге моральдық шығын өндіру міндеті жүктелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.