1600 алматылық емхана ауыстырған

679

Медициналық сақтандырылмаған азаматтар да тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады  

 1600 алматылық емхана ауыстырған

Биылғы тіркеу науқанының алғашқы үш аптасында 1600 алматылық емхана ауыстырған. Қыркүйектің 15-інде басталған жыл сайынғы шара қарашаның ортасына дейін жалғасады. Бұл турлы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг барысында  мәлім етті.  

Оның айтуынша, емхана ауыстырушылар саны жылдан жылға азайып келеді. Яғни тұрғындардың басым бөлігі тұрғылықты жеріндегі емдеу мекемесінің қызметіне жүгінуді жөн санайды.

"Тағы бір айта кететін мәселе, емханаға тіркеу мәселесінде сақтандыру статусының болуы шарт емес. Науқастар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіндегі қызметтерді сақтандырылса да, сақтандырылмаса да  пайдалана алады. Атап айтқанда, жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Былайша айтқанда, шұғыл көмек еліміздің барлық азаматтарының бәріне бірдей көрсетілуі тиіс. Ол үшін сақтандырылған болу шарт емес",- деді спикер. 

Бүгінгі таңда Алматы қаласында кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті мен медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде 73 емхана қызмет көрсетеді. Оның жартысына жуығы — жеке меншік. Яғни науқан барысында тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік емдеу ұйымдарына да тіркелуге болады. Тек таңдап алынған клиника  Медициналық сақтандыру қорының базасына енген болуы шарт. Олардың толық тізімі Қордың fms.kz сайтында орналасқан.

Бір ескере кететін мәселе, биылғы науқан кезінде басқа емдеу ұйымына тіркелген тұрғындар таңдаған емхана қызметін 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап пайдалана алады. Яғни азаматтар жылдың соңына дейін бұрынғы емханаларына қаралады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу