17 адамды құтқарған азаматтың ерлігі 7 жылдан соң ескерілді

1048

17 адамды құтқарған азаматтың ерлігі 7 жылдан соң ескерілді

Оңтүстікқазақстандық өрт сөндіруші Дәулет Байқабылов жанып жатқан автобустан 17 адамды құтқарып қалған. Өз өмірін  қауіп-қатерге тігіп,  жолаушыларды аман алып шыққан төтенше жағдайлар қызметкері "Ерлігі үшін"  төсбелгісін кеудесіне тақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайғылы жағдай осыдан 7 жыл бұрын Алматы-Ташкент тас жолының бойында болған еді. Сол күні өрт сөндіруші төрт туысымен бірге Алматыға сапарлап бара жатқан. Жамбыл облысының аумағынан өте берісте автобус пен ауыр жүк көлігі қарама қарсы соқтығысып қалады. Артынша қоғамдық көлік отқа оранады. Осы кезде төтенше жағдайлар қызметкері қауіпке қарамай, қызыл жалынның ішінде қалып қойған  адамдарды біртіндеп далаға шығарады. Құтқарылған жолаушыларды автобустан мүмкіндігінше алыс жерге апарып, кейбірін жолшыбай өткен көліктерге мінгізіп жіберген. Жарақаттанғандардың ауруханаға жетуіне қолғабыс етті. Алайда өзінің үш бауыры жанып жатқан автобустың ішінде қалып қояды.

"Авария болғанда бұрын ондайды көрмеген адамдар өзгелерді құтқара алмайды, тіпті қарай алмайды. Ал, енді мен қолымнан келгенше  қол ұшымды тигіздім. Автобустың алды жанып жатқан соң, арт жағына кіріп осынша адамды шығардым. Ең ақырында Назерген қарындасымды алып шықтым. Үш жақынымды сол жерден алып шыға алмай қалдым. Ең өкінішім сол болды", - дейді Дәулет Байқабылов.

Осылайша бейбіт күннің батыры атанған азаматтың ерлігі 7 жылдан кейін ескерілді. Марапат иесі қазір Қазығұрт ауданында тұрып жатыр. Өрт сөндіруші қызметінен демалысқа шығып, басқа салада еңбек етіп жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу