Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы аудандық соттардың судьясы лауазымына құжат тапсырған үміткерлердің саны көп болды. Бұл туралы Жоғары сот кеңесінің мүшесі Нұржан Жолдасбеков айтты.
"Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының судьясы лауазымына жарияланған конкурста бір орын үшін 90 адам бақ сынады. Елорданың Сарыарқа аудандық соты мен Алматыдағы Бостандық аудандық сотындағы бос лауазымға 87 адам құжат өткізді. Ал шалғайдағы аудандық соттардың судьясы лауазымына өтініш тапсырғандар саны аз, тіпті, жоқ", – деді Нұржан Жолдасбеков.
Оның сөзінше, шалғайдағы бірнеше соттарда бос тұрған 17 судья лауазымына бірде-бір үміткер құжат тапсырмаған.
Біле жүріңіз, 2018 жылдан бері судья лауазымына үміткерлерді іріктеу жүйесі жетілдіріліп жатыр. Қазір Жоғары сот кеңесі жанындағы конкурстық комиссиясы судьяларды бірнеше кезеңнен тұратын көпсатылы іріктеуден өткізгеннен кейін ғана тағайындайды.
Қанат Махамбет