Жәбірленушілердің туристік жолдамалары жойылып, айтарлықтай қаржылық шығынға ұшырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кінәлі тұлға әуе билеттерін нарықтағыдан төмен бағамен ұсынып, тұтынушыларға оларды арнайы байланыс арқылы сатып алатынына сендірген. Алайда ол шынайы билеттердің орнына жалған маршруттық түбіртектерді берген. Туристер әуе билеттерге тапсырыс жоқ екенін ұшар алдында, әуежайда бір-ақ білген.
Зардап шеккендер арасында ересектер де, балалар да бар. Жалпы материалдық шығын 17 млн теңгеден асты. Адамдар ақшаларынан ғана емес, көптен күткен демалыстарынан да айырылды – төленген қонақүйлер, экскурсиялар және басқа да шығындар өтелмеген.
Алаяқ әйел 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Келтірілген материалдық шығын сотталушыдан өндірілді.
Астана қаласы Нұра ауданының прокуратурасы туристік қызметтер алу үшін төлем жасамас бұрын құжаттарды мұқият тексеруді ескертеді.