17 жыл халықаралық іздеуде болған күдікті Алматыдағы кісі өлімі үшін 15 жылға сотталды

404

Алматыда 2008 жылы жасалған резонансты кісі өлтіру ісіне қатысы бар, 17 жыл бойы халықаралық іздеуде болған Ю. Юсуповқа қатысты сот үкімі шықты. 

17 жыл халықаралық іздеуде болған күдікті Алматыдағы кісі өлімі үшін 15 жылға сотталды Фото: canva

Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сот материалдарына сәйкес, қылмыс 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні Алматы қаласының орталығында болған. Юсупов пен оның сыбайласы А. Коваленко қылмыстық орта өкілімен жанжалдасқаннан кейін жәбірленушіні Фурманов көшесіндегі үйдің маңында аңдыған.

Ер адамға бірнеше рет оқ атылып, алған жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында қаза тапқан.

Қылмыстан кейін Юсупов Қазақстаннан шығып, халықаралық іздеуге жарияланды. Ол ұзақ жылдар бойы Еуропа елдерінде жалған жеке деректерді пайдаланып жасырынған.

Юсуповтың сыбайласы А. Коваленко кейін тағы бір ауыр қылмысқа қатысқан. 2008 жылдың жазында Қапшағайдағы "Старая крепость" демалыс аймағында болған қарулы оқиғадан кейін ол ұсталды. Сол оқиға кезінде полиция қызметкері қаза тауып, тағы 4 адам ауыр жарақат алған. 2009 жылы Коваленко 23 жылға бас бостандығынан айырылған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Юсупов қылмыстық ортада "Кинг-Конг" лақап атымен белгілі болған. Сондай-ақ, Қырғызстанның құқық қорғау органдары оны 2007 жылы Бішкек қаласында көлік жуу орнының иесін өлтіру ісіне байланысты іздеген.

2025 жылғы тамызда Юсупов Литва шекарасынан өту кезінде ұсталды. Сол жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды.

Ал биыл шілде айында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юсуповты адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған кісі өлтіруге көмектескені үшін кінәлі деп таныды. Сот оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бас прокуратура бұл істі халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде бағалады. Ведомствоның мәліметінше, шетелдік әріптестермен тікелей байланыс орнату, ақпарат алмасуды жеделдету және халықаралық іздеу тетіктерін пайдалану ұзақ уақыт бойы Қазақстаннан тыс жерде жасырынған адамдарды анықтап, елге қайтаруға мүмкіндік береді.

Құзырлы органдар "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында іздеуде жүрген адамдарды анықтау және Қазақстанға қайтару жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу