17 жылда 62 рет өзгерген кодекс қайта әзірленеді

581

Қолданыстағы құжат су шаруашылығы құрылысының техникалық мәселесін реттемейді. 

17 жылда 62 рет өзгерген кодекс қайта әзірленеді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келесі жылы елімізде жаңа "Су кодексі" қабылданатынын мәлімдеді. 

"Сарапшылардың бағалауынша, су заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді. Қолданыстағы кодекске 17 жыл ішінде 62 рет өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Қазіргі кодекстің құқық қолдану реттілігі жоғалғаны байқалды. Бұл тұтастай алғанда су шаруашылығының барлық деңгейінде жағдайдың нашарлауына әкеледі", – деді министр үкімет сағатында. 

Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, қолданыстағы кодекс су шаруашылығы құрылыстарын жобалау, салу және пайдаланудың техникалық мәселелерін реттемейді. 

"Бұл мәселелер әртүрлі құрылыс нормалары және ережелерімен, министрліктер мен ведомстволардың бұйрығымен реттеледі. Гидротехникалық құрылыстағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты арнайы заң болуы керек. Осыны ескере отырып, 2021 жылы жаңа "Су кодексі" мен "Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы" заңның тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланды", – деді министр. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу