Қазіргі уақытта барлық мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында Starlink спутниктер орнатылып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі мәлімет бойынша қажетті 1 879 мектептің 1 731-де Starlink спутниктері орнатылған. Шекара маңында орналасқан 137 мектептерде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі терминалдарды жандандыру жұмысын жүргізуде. Дегенмен Жамбыл, ШҚО, Атырау, Павлодар, Түркістан, БҚО және Ұлытау облыстары мектептердегі интернет жылдамдығын арттыру бағытындағы жұмыстарын жеделдетіп оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажет", - деді министр.
Ғани Бейсембаев мектептердегі интернет сапасы 2023 жылдың басындағы 19 пайыздан 2024 жылы 90 пайызға артқанын баса айтты.