Үш жылдық статистикаға сүйенсек, жалпы интернет алаяқтықтың саны 40 пайызға азайды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Құрылтайда өткен баспасөз брифингінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Үш жылдық көрсеткіштерге келетін болсақ, жалпы интернет алаяқтықтың саны 40 пайызға азайды. Қазіргі таңда 6 млрд-тан астам келтірілген залал жәбірленушілерге қайтарылды. Сонымен қатар 170 млн-нан астам жалған қоңыраулар бұғатталды. Шетелге 5,5 млрд теңгеден астам ақшаны беруге мүмкіндікке тосқауыл қойылды. Сегіз айдағы интернет алаяқтыққа келетін болсақ, 13 пайызға төмендеді. Егер 2025 жылы 16 564 қылмыс тіркелсе, биыл 14 417 факт тіркелген. Бұл қылмыстардың елде ашылу көрсеткіші 7 пайызға жақсарды", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Санжар Әділовтің сөзінше, қазіргі таңда банк реквизиттерін үшінші жандарға бергені үшін жауапкершілік көзделген.
Спикер кибершабуылдар көбінесе қай елден жиі жасалады деген сауалға да пікір білдірді.
"Конвенцияда айтылғандай, біз басқа елдермен ақпарат алмасу және бастысы – шетелдік провайдермен жұмыс істеу. Цифрлық іздерді тапқан кезде ол іздерді біз жоймас үшін біз шетелдік әріптестермен ол іздерді сақтап ақпарат түріме ала аламыз. Шабуылға келетін болсақ, түрлі елден болады. Әріптестерімізбен жұмыс барысында 20-дан астам орталықтарды тауып, біз азаматтарға қарсы жұмыс атқардық. Қазіргі таңда 18 адам Украинада қамауда отыр. Кибершабуылды көбінесе трансұлттық топтар жасайды. Әр елге кибершабуыл жасалуы мүмкін", – деп атап өтті ол.