Шымкенттегі перинаталдық орталықтың бірінде 28 жастағы жас ана қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Зарина Сұлтан жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Оның ата-анасы болған жағдайға дәрігерлердің немқұрайлығы себеп деп отыр. 20 тамызда жас ана ұлды болған. Кейін әйелдің қызуы көтерілген.
"Бірінші көмек көрсетілмеген. Адреналин салынуы керек еді. Ауруханада адреналин салмаған. Сепсис деді. (...) Сөйтіп жүргенде құйған қанымыз қайда кетіп жатқанын білмей жатырмыз деді. 18 литр қан құйдық, білмейміз қайда кетіп жатқанын деді", – деді марқұмның анасы Нышангүл Түлеева.
Ақпаратқа сәйкес, жас ана 33 күннен кейін жан тапсырған. Артында кішкентай сәбиі мен екі жасар баласы қалды.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.
Шымкент қалалық перинаталдық орталығының басшылығы жас ананың өмірін сақтап қалу үшін барлық шараларды жасадық деп отыр.