18 мыңнан астам қазақстандық наркомания бойынша есепте тұр

293

Диагноз жеке дерек болып есептелетіндіктен, оны жариялауға болмайды.  

18 мыңнан астам қазақстандық наркомания бойынша есепте тұр Фото: netnarkotik.com.ua

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев несие беру кезінде психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдарды тексеру іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдар туралы ақпарат ашық па? Бізде психиатриялық және наркологиялық есепте тұрғандардың бірыңғай тізімі бар ма?", - деп сұрады халық қалаулысы.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтарға кредит шектеу туралы ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

"Қазіргі уақытта Азаматтық кодексте аталған тұлғаларға сот шешімі бойынша кредит беру шектеледі. Біз оған қосымша нормативтік деңгейде бірқатар түзету дайындадық. Банктерде тәуекелдерді басқару жүйесі бар, сол арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдары осы санатқа жататын азаматтар үшін кредит беруді шектеу, оларға жоғары тәуекел деген мәртебесін қояды және оларға кредитті шектейді. Бірақ та ол азаматтар бойынша мәліметтің бәрі кредиттік бюроның ішінде болуы керек. Ақпарат кредиттік бюрода болса, банктер одан ақпаратты алып, соларға "жоғары тәуекел" деген мәртебе береді. Лудомандар бойынша жұмысты өткен жылдан бері жасадық. Қазір барлық ақпарат кредиттік бюрода жиналады, олар арнайы тізім жасайды. Соңғы алты айда онлайн платформаларға 300 мың теңгеден астам мөлшерде тұрақты ақша аударымдары болса, сол азаматтарды тізімге кіргізеді", - деді Мәдина Әбілқасымова.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің сөзінше, 18 мыңнан астам адам наркомания бойынша динамикалық бақылауда тұр.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексінің 273-бабына сәйкес, медициналық қызметкерлердің құпиясы бар. Сол бойынша диагноз жеке дерек болып есептеледі және оны жариялауға болмайды. Ол соттың шешімімен немесе науқастың жазбаша келісімімен жасалады", - деп атап өтті ДСМ басшысы.

Айта кету керек, Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу