Еске салайық, бүгін елімізде 4%-бен автонесиелендіруге өтініштер қабылданды. Таңғы 10:00 де тіркеу басталып, небәрі 18 секундта өтініштерді қабылдау шектік мәніне жетіп үлгерді. Яғни алдын-ала айтылғандай ең жылдам деген 761 адам ғана бірінші лекте машина алатындар тізіміне енді.
Жарықтың жылдамдығын да жолда қалдырған 761 таңдаулының бірі Азат Ақтаев. Астаналық азамат шамамен 7 секундта өтініш беріп үлгеріпті. Өзі ІТ саласының майталманы көрінеді. Мамандығының пайдасы тигеніне дән риза. Бір қызығы бұған дейін автосалонның табалдырығын тоздырып, кезекке де тұрмаған. Ал өтініш беру электронды форматқа ауыстырылғанда бағдарламаға қатысуға бел буыпты. Себебі сайт арқылы бәрі әділ әрі ашық болатынына сенгенін айтады.
"Барлық шартын орындауға 8 секунд кетті. Біріншісінде қате шықты. Екіншісінде қабылданды. Шын сайыс болып, ақпараттық технологиялар болатын болса өзім алып шығамын деген кішкене сенімділік болды", дейді қала тұрғыны Азат Ақтаев.
Ал қарағандылық Айнұр Рақышеваның платформа жұмысына көңілі толмапты. Ол сайтқа кіргенмен, автоөндіруші сілтемесі басылмай қалған. Сөзінше таныстарынан да сұрастырып, білген. Барлығы сағат тоғыздан әуре сарсаңға салынып, өтінім бере алмапты. "Үлгердік" деп сүйіншілегендер мүлдем жоқ", - дейді.
"Бұл сайттың жұмысына мүлдем көңілім толмады. Таныстарымнан білдім. Бәрінде де солай болыпты бүгін. Білмеймін бұл автонесие кімге беріліп жатыр? Қалай беріліп жатыр? Барлығы күмәнді нәрсе болып тұр маған", дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Айнұр Рақышева.
Сайт жұмысын реттейтін Өнеркәсіпті дамыту қорының өкілдері "автоөндіруші" батырмасының басылмауы лимиттің толуымен байланысты,- деп отыр. Лимит жоғарыда айтылғандай 761 адам. Адам саны револьверлік тетікпен жинақталған қаржы көлеміне тәуелді. Соңғы 3 айда жинақталған ақша 7,6 млрд. теңге. Әйтсе де платформа ай сайын іске қосылып, алғашқы тізімдегі босаған орындарға өтініштерді қабылдайды.
"Негізі сайтқа 1 миллионнан астам пайдаланушы кірді. Оның ішінде өтінім берген азаматтар 125 мыңнан астам. Осы платформа арқылы еліміздің барлық аймағынан өтініштер берілді. Бағдарлама ұзақ мерзімді екенін атап өткім келіп отыр. Келесі лимит алдағы айларда қол жетімді болатынын ескертеміз. Бүгін әртүрлі себептермен тіркеуге үлгермеген азаматтар келесі айларда өтініш бере алады", дейді "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева.
Бұл үрдіс осылай 25 жылға дейін жалғасады,- дейді Өнеркәсіпті дамыту қорының өкілдері. Ал алғашқы лекке үлгергендер 60 күннен кешікпей көлік тізгіндей алады. Оған автосалондар кепілдік беріп отыр екен. Кезектегі орынды сату немесе өзгеге беру де мүмкін емес. Жалпы айына жеңілдікті бағдарлама арқылы кемінде 100 адам машинаға қол жеткізеді,- деп сендірді жауаптылар.