18 жасқа дейінгі балалардың барлығына әлеуметтік төлемақы тағайындау қажет

753

Бұл бастаманы "Бала нәсібі" жәрдемақысы арқылы жүзеге асыруға болады.  

18 жасқа дейінгі балалардың барлығына әлеуметтік төлемақы тағайындау қажет

"Ауыл" ХДПП орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейітжанов мұқтаж немесе мұқтаж емес деп бөлмей, еліміздегі балалардың барлығына бірдей жәрдемақы тағайындалуы тиіс екенін мәлімдеді.

"Халықтың аманат еткен сауалдарының бірі – әлеуметтік салада, партия ұсынып отырған әр балаға жәрдемақы тағайындау туралы бастама. Демек, қоғамда бұл проблема бұрыннан бар. Партияның бұған дейінгі өткізген іс-шараларында мәселе талқыланған. Әрине, қазіргі таңда ана мен баланы қолдау саласында әлеуметтік жәрдемақының неше түрі жоқ емес – бар. Белгілі бір деңгейде бұл жәрдемақының түрлері кейде бір-біріне қайшы келіп те жатады. Мәселен, бір ғана ана мен балаға арналған жәрдемақы 14 түрлі заңмен реттеледі екен. Бұл белгілі бір деңгейде халықты шатастырып жатыр", – деді Қуаныш Сейітжанов "Ауыл" партиясы өткізген баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, атаулы әлеуметтік көмектің де кілтипаны көп.

"Қазақстанда 776 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алса, соның 492 мыңы балаларға арналған атаулы әлеуметтік көмек. Біз неге баланы жас күнінен бірі әлеуметтік көмекке мұқтаж, екіншісі мұқтаж емес деп бөлуіміз керек? Бұл – идеологиялық мазмұн тұрғысынан қате. Өйткені біз баланың жанын жасынан жаралаймыз. Мұны дана халқымыз: "Әр баланың өз несібесі болады" деп бір-ақ ауыз сөзбен айтқан. Біздің ұстанып отырған позициямыз – 18 жасқа дейінгі балаларды әлеуметтік көмекке мұқтаж немесе мұқтаж емес деп бөлмей, төлемақы тағайындау. Бұған еліміздің экономикалық мүмкіндігі жеткілікті. Бұл ұсынысты көктен алған жоқпыз. Сараптаманың нәтижесінде ұсынылды. Әлеуметтік төлемге келер болсақ, Асан мен Үсеннің ертегісі еске түседі. Бала қашан да бала. Ол – біздің болашағымыз", – деді ол.

"Ауыл" партиясы өкілінің айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін "Бала нәсібі" жәрдемақысын енгізу қажет.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу