18 жастағы сарбазды бір жылда қайта тәрбиелей алмаймыз – Жақсылықовтың орынбасары

826

Қазақстанда биыл бірнеше сарбаз әскер қатарында жүріп қаза тапқаны белгілі болды. Осы оқиғалар қоғам резонансын туғызды. Әскердегі әлімжеттік бойынша журналистер мәжіліс кулуарында қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновке сұрақтар қойған болатын. Министрдің орынбасары "әрине, арасында болады" деп жауап берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

18 жастағы сарбазды бір жылда қайта тәрбиелей алмаймыз – Жақсылықовтың орынбасары

"Білесіз ғой, әскер – ер адамдардың ұжымы. Әрбірінің мінезі бар. Әрқайсы әртүрлі отбасынан шыққан. Әрине, арасында болады", - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

"Сонда ер адамдардың ұжымында әлімжеттік бола береді" дегенге келтіріп тұрсыз ба?" - деп сұрады тілшілер.

"Біз шараларды қабылдап жатырмыз ғой. Техникалық және ұйымдастырушылық шаралар да қабылдануда. Ұйымдастыру жағынан бақылау ылғи жүреді. Әр бөлімде психологтар бар. Олар психологиялық бақылау жүргізеді. Әскери бөлімдерде әртүрлі деңгейдегі командирлер мәселені бақылауда ұстап отыр. Жауынгер-дос деген түсінік енгізілді. Казармаларға, жатын орындарда, жеке құрам жүретін жерде қазір видеобақылау енгізіп жатырмыз. Жеке құрамды тәрбиелеу жұмыстары жүргізіледі. 18 жыл бойы отбасында тәрбиеленген баланы бір жылдың ішінде қайта тәрбиелей алмаймыз. Біз бір жылдың ішінде оның әскери машығын шыңдаймыз", - дейді Камалетдинов.

Оның айтуына қарағанда, Отардағы Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. 

"Қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Анықталғаннан кейін нәтижесін хабарлаймыз", - деді ол.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу