"Жас маман" жобасы аясында еліміздегі 180 колледжге заманауи жабдықтар сатып алынды. Бұл жаңалықты Оқу-ағарту министрлігі, Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахимберлин хабарлады.
"Президенттің тапсырмасы бойынша "Жас маман" жобасы аясында еліміздің 180 колледжі заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Бұл жабдықтар жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес сатып алынды. Сонымен қатар жоба аясында 20 құзыреттілік орталығын құруды жоспарлап отырмыз. Жалпы осы "Жас маман" жобасы колледждердің жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 30 колледжде "WorldSkills" чемпионаттары өтіп, жаттығу лагерлері құрылды. Жоба аясында еңбек нарығындағы сұранысқа ие 100 мамандық бойынша халықаралық тәжірибені енгізуді көздеп отырмыз", – деді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахимберлин.
"Жас маман" жобасы аясында 2 000 педагог пен колледж басшысы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бүгінгі таңда 180 колледжде 30 мыңнан астам студент жаңа бағдарламалар бойынша білім алып жатыр.