1800-ден аса отбасы көшіріледі

966

1800-ден аса отбасы көшіріледі

Апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары "Апатты жағдайдағы баспананы құлату" бағдарламасы бойынша "Жағалау" ауданында салынған жаңа үйлерге көшірілетін болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласының тұрғын үй басқармасы мәлімдегендей, жоспарға сәйкес осы жылы апатты жағдайда тұрған 111 үй құлатылып, 1800-ден астам отбасы жаңа нысанға көшірілуі тиіс. Бүгінге дейін апатты жағдайдағы үйлердің 77-сін құлату шаралары аяқталған.

"Биыл апатты жағдайдағы 111 үйді құлатып, 1800-ден астам отбасыны көшіру жоспарланды. Бүгінге дейін 77 үйдің тұрғындарын көшіру шаралары аяқталды. Алдағы екі аптада 200-ден астам отбасы тұратын тағы да апатты 21 үйдің тұрғындарын көшіруді бастаймыз. Апатты үйлер негізінен елорданың оң жақ жағалауында орналасқан. Қазіргі таңда біз тұрғындарды "Жағалау" ауданында жоба аясында салынған үйлерге көшіріп жатырмыз", - деп хабарлады Астана қаласының тұрғын үй басқармасы жетекшісінің орынбасары Асхат Елеужанов.

Асхат Елеужановтың айтуынша, тұрғындар алдын ала көшіру шараларына дайын болуы үшін басқармамен ақпараттандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізіледі.

"Апатты жағдайдағы үйлердің тұрғынын көшіру жоспарға сәйкес іске асады. Көшіру шараларының жоспары Тұрғын үй басқармасының ресми сайтында жарияланып тұрады. Жобаны іске асыру шарттарын түсіндіру, көшірудің кезеңдері мен мерзімдері жайлы халықты алдын ала ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргіземіз", - дейді басқарма жетекшісінің орынбасары.

"Апатты жағдайдағы үйлерді құлату" жобасы Астанада 2013 жылдан жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 1940-1970 жылдардың аралығында салынған үйлер бұзылып, олардың тұрғындары жаңа нысандарға көшіріліп жатыр. Бұл үйлердің басым бөлігін орталықтандырылған жылумен, сумен, қамту жүйесіне, кәріз жүйесіне қосылмаған.

2013-2016 жылдардың аралығында апатты жағдайдағы 117 үй құлатылып, 1570 отбасы көшірілген.

Айта кету керек, жоба шарттарына сәйкес, тұрғындар апатты үйдегі пәтер ауданына тең келетін жаңа пәтерлерге ие болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу