19 адам құлдықтан құтқарылды

761

Ішкі істер министрлігі адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро және "Сана Сезім" әйелдер бастамаларының құқықтық орталығымен бірлесіп өткен жылдан бері азаматтығы белгісіз адамдарды анықтау және құжаттандыру бойынша жұмыс атқарып жатыр. 

19 адам құлдықтан құтқарылды

Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Берікқызының мәлімдеуінше, бүгінге дейін құжатсыз 4 686 адам анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Адамзат үшін қашанда басты құндылық – еркіндік. Өкінішке қарай, әлемде адамдарды заңсыз еңбекке жегіп қанау, құлдықта ұстау фактілері әлі жойылған жоқ. Заңсыз еңбекке тартылғандарға лайықты жұмыс жағдайы жасалмайды, кей жағдайларда тіпті еңбекақысы да мүлдем төленбейді. Әдетте құжаты жоқ, бұрын құжаттары мүлдем болмаған адамдар құлдықтың құрбаны болып жатады. Құжаты жоқ адамдар заңды жұмысқа орналаса алмайды. Жәрдемақы, зейнетақыдан да қағылады. Денсаулық сақтау, білім беру және басқа саладағы қызметтерге де қолы жете бермейді", – деді Шұғыла Берікқызы. 

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері 3 408 адамның құжатын қалпына келтірді. Шара шеңберінде 2431 адамға Қазақстан Республикасының азаматы деген құжат,  977 адамға азаматтығы жоқ деген куәлік табысталды. 1 278 адамға қатысты азаматтықты растау рәсімі жүріп жатыр. 

"Жыл басынан бері адам саудасына байланысты 103 қылмыс тіркелді, оның ішінде 61 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, сотқа жолданды. Сот 9 адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. 42 іс тергеу сатысында. Тоғыз адам түрлі мерзімге сотталды. Еңбек және жыныстық құлдықтан 19 адам құтқарылды", – деді ішкі істер министрлігінің өкілі. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу