Павлодар облысының тұрғыны өзінің қызметін асыра пайдаланып, мүгедектігі бар азаматтардың көмекшілеріне төленуі тиіс ақыны өзі алып отыр. Әйел адам осы әрекеті үшін Абай облысындағы түзету мекемесінде жазасын өтейтін болады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, зейнеткер корпоративтік қордың президенті қызметін атқарған. Бұл қор бірінші, екінші және үшінші топ мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың құқықтары мен міндеттерін қорғауда, еңбекке, спорттық және мәдени шараларға тартуда, әлеуметтік оңалтудан өтуде көмектескен.
Ал қор президенті өзінің орынбасарымен өзара келісіп алып, мүмкіндігі шектеулі жандардың көмекшілеріне төленуі тиіс бюджеттік қаржыны қалталарына басқан. Олар бұл ұйымда мүлде жұмыс істемейтін адамдармен жалған келісімшарттар жасасқан. Соның негізінде мемлекеттік қазынаның 19 млн теңгеден астам сомасын қолды қылған.
Сот оны кінәлі деп танып, ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабына сәйкес бес жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, бес жыл аралығында мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысуына тыйым салды. Қазір зейнеткер Абай облысындағы әйелдер мекемесінде жазасын өтеуде.