Алматы қаласының Полиция департаментінің хабарлауынша, ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған, деп жазады inbusiness.kz.
"Әуезов ауданының полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2003 жылы туған У. есімді азамат ұсталды. Ол ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікке ілінді. (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде сату)", – деп жазылған хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті біздің аудан аумағында психотроптық зат – мефедрон салынған байламдарды тығып кетіп жүргендігі анықталған.
"Тінту кезінде күдіктіден ерекше иісі бар, ұнтақ тәрізді 15 оқшауланған бума табылды және тәркіленді", – дейді Әуезов аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ұлан Әбілқайыр.
Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеушілер бірқатар арнайы сараптамалар тағайындаған. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.