1929 жылы түсірілген "Түрксіб" тарихи деректі фильмі тұңғыш рет шетелде көрсетілді, деп хабарлайды 24.kz.
Шетелдік премьера Лондонда өтті. Бір ерекшелігі дыбыссыз көркем дүние музыкалық жағынан қазақстандық оркестрмен көркемделді.
"Түрксіб" - ХХ ғасыр кинодокументалистикасының классикасы. Фильм қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі және Түркістан-Сібір темір жолы магистралінің тарихы туралы сыр шертеді.
Қазақстанның музыкалық дарындары "Түрксіб" үшін бітімі бөлек саундтрек жасады. Яғни "Камерата Қазақстан" оркестрі орындаған жанды музыка жобаны ерекшелеп тұрды. Британиялық көрермен фильмді басынан аяғына дейін бір деммен көріп, документалистика жауһарынан рухани ләззат алды.
Айта кету керек, британиялық кино институты картинаның әрбір кадрын жаңартып, жобаға үлкен үлес қосқан.
"Бүгін "Түрксіб" үшінші рет көрерменге жол тартты. Алғаш рет 2015 жылы Алматыда, одан кейін "Камерата фест" шарасында көрсетілген болатын. Көрермен шынымен де ерекше әсерге бөленді", - дейді жоба авторы Нарқыз Шөкенова.