Шығыс Қазақстан облысында қайта жаңғыртудан өткен Өскемен-1 теміржол вокзалы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
1938 жылы салынған вокзалдың ғимараты жаңартылып, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Жалпы ауданы 2,5 мың шаршы метрден асатын нысан екі қабат пен жертөледен тұрады.
Жаңғырту барысында инженерлік желілер, электрмен жабдықтау және ішкі коммуникациялар жаңартылды. Сонымен қатар ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеуі, перронды реконструкциялау және аумақты абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Өскемен-1 вокзалы 2-санатқа жатады. Нысан тәулігіне орта есеппен 2 025 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Астана, Алматы, Аягөз, Жезқазған, Қарағанды және Достық бағыттарына қатынайтын 12 жолаушылар пойызы өтеді.
Вокзалды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Шығыс Қазақстан облысында бұған дейін Риддер, Шемонаиха, Күмістау және Алтай станцияларының вокзалдары да қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілген.